Базалық зейнетақыны кезең-кезенімен көтеру басталады – министр

Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру шаралары мен 2022 жылғы 12 желтоқсанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру шаралары туралы баяндады.

– Әрбір ашылған жұмыс орны бойынша мониторинг Электрондық еңбек биржасында жүргізіліп, зейнетақы жарналары мен еңбек шарттары арқылы расталатын болады. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында жұмыс күшінің тапшылығы бар өңірлерге азаматтарды тартудың жаңа механизмдері жүзеге асырылады. Мұндағы негізгі шарт – жұмыс орнының болуы мен баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі. Бұл шараларға азаматтардың қолжетімділігін арттыру және өз уақытында ақпараттандыру мақсатында өңірлерде мобильді жұмыспен қамту, жылжымалы жәрмеңке және жылжымалы оқу жобаларын іске асырмақпыз, – деді министр.

Дүйсенованың айтуынша, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы іске қосылып, әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі қызметтер проактивті форматта көрсетіледі.

– Мемлекеттік қолдау Отбасының цифрлық картасы негізінде анықталған отбасының немесе азаматтың әл-ауқат дәрежесіне қарай атаулы шара ретінде берілетін болады. 4,6 млн азаматтың әлеуметтік макеттерін қайта қарау, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлерін қайта есептеу жұмыстары бүгінгі таңға аяқталды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылады. Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардың балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама заттай түрден ақшалай форматқа ауыстырылады. Наградталған аналардың жәрдемақы мөлшері өсетін болады. Базалық зейнетақыны кезең-кезенімен көтеру басталады, – деді ол.