Қазақ халқы БАӘ-нің қолдауын ешқашан ұмытпайды – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Exclusive.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасай отырып.

Қасым-Жомарт Тоқаев құрмет көрсеткені үшін шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс айтты.

– Әмірліктер – ислам және араб әлеміндегі біздің сенімді әрі басты стратегиялық серіктесіміз. Сіздің еліңіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Қазақ халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Әсіресе, елордамызды көркейтуге Араб Әмірліктері зор үлес қосты. Бұл – шынайы достықтың айқын көрінісі. Екі елдің қарым-қатынасында түрлі салада жетістіктер аз емес. Дегенмен екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Осы сәтті пайдаланып, Сізге зор алғысымды білдіремін, – деді Тоқаев.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалады.

– Елдеріміздің энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санаймыз. Осы сапар барысында жаңартылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылды. Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге асатынына зор үміт артамын. Елдеріміздің ауаға таралатын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жоспарлары да ұқсас. Біріккен Араб Әмірліктері көміртегі бейтараптағына 2050 жылға дейін жетуді жоспарласа, Қазақстан бұл мақсатты 2060 жылға дейін орындауды көздеп отыр. Бұл – біздің болашақ ұрпақ үшін өте маңызды мәселе, – деді ол.

Айта кетейік, ресми сапар аясында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.